ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАСЫ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕЙБІТШІЛІГІ БҰЗЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 01.09.2020
Оқылды: 1439
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғамдық сананың бір формасы – құқықтық сана екендігі белгілі. Жалпы, құқықтық сана дегеніміз адамның өзі өмір сүретін мемлекеттегі құқықтың жүзеге асырылуы мен заңдардың сапасына байланысты ойдың, сезімнің, ұстаным мен көзқарастың жиынтығы. Азаматтарының құқықтық санасы жоғары деңгейде қалыптасқан мемлекетте құқықбұзушылық болмайды, керісінше, қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілік орнайды.

Әр азаматтың құқықтық санасын арттыруда ел Конституциясының рөлі өте зор. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншісі, жете түсініп, оқитын болсақ, мемлекеттің Негізгі заңында бекітілген өз құқықтарымыз бен міндеттеріміз барын білеміз.

Екіншіден, Ата Заңдағы құқықтарымыз мен міндеттерімізге жетік болсақ, құқықтық сауаттылығымыз жоғарылайды.

Үшіншіден, құқықтық сауаттылықтың жоғары болуы құқықтық сананың артуына тікелей ықпал етеді.

Төртіншіден, құқықтық сананың артуы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан, ҚР Конституциясының 25 жылдығын мерейлі мерекеге балау, Ата Заңымыздың тәуелсіз мемлекет тарихындағы рөлін дәріптеу, халықтың құқықтық сауаттылығын, конституциялық мәдениет деңгейін арттыру, Конституцияны және онда көрсетілген баптарды білуге, құрметтеуге тәрбиелеу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және мемлекеттің саяси жүйесін дамытудағы рөлін кеңінен насихаттау, құқықтық сананы жетілдіру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе өскелең ұрпақ Ата Заңның ел егемендігін нығайтудағы рөлін жете түсініп, тағылымды құқықтық тәлім-тәрбие алуы тиіс.

Өзім жұмыс жасайтын колледж қабырғасында студент жастардың арасында конституциялық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін «ҚР Конституциясы – мемлекет егемендігінің символы» атты интеллектуалды сайыс өткіздік.

Сайыстың басты мақсаты – білімгерлердің Конституция туралы теориялық түсінігін қалыптастыру, жастарды Ата Заңды құрметтеуге баулу және ел азаматы ретіндегі өз құқықтары мен міндеттерін білуге үйрету. Енді ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай студенттер арасында онлайн форматта ашық сабақтар мен кураторлық сағаттар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаевтың: «Конституцияға жан беру – әр азаматтың міндеті», - деген ұлағатты сөзі еске түседі.

Шын мәнінде, Конституцияның нақты қолданыста болуына әрбір азамат атсалысуы тиіс. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ата Заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз», - дегеніндей, Конституциядағы әрбір бапты жетік меңгеріп, оны жүйелі түрде орындай білсек, мемлекет алдындағы басты стратегиялық міндет – дамыған елдердің қатарына қосылу мүмкіндігі артады.

Ғалымжан ДӘРІБАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ «құқықтану» мамандығының 2-курс магистранты

Сурет - ғаламтордан