ЖЕР АЛЫП БЕРЕМ ДЕГЕН 35 ЖАСТАҒЫ АЛАЯҚ ӘЙЕЛ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 836
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері жер алып берем деп сан соқтырып кеткен алаяқты әшкереледі. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлады.

Панфилов ауданының полицейлеріне белгісіз әйелдің жымысқы әрекеттерінен зардап шеккен үш азамат арызданған. Олардың екеуі Панфилов ауданының тұрғындары және біреуі Алматы қаласының тұрғыны.

Жаркент қаласынан жер учаскелерін меншікке алып беруге уәде берген күдікті 2015 жылы өз құрбандарынан қомақты соманы алған. Дегенмен, алаяқ әйел өтірікке толы уәделерін орындамаған және оны орындауға тырыспаған да. Зардап шегушілерден алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жүрген. Жер сипап қалған алданушылардан мүмкіндігінше бой тасалап жүрген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Көктал ауылының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Ұсталған әйелдің бұған дейін де қылмыстық тәжірибесі бар екені белгілі болды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жалған сөз бен жымысқы әрекеттер шеберінен зардап шеккен басқа да азаматтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан