ПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ТАУЛЫ АЙМАҚТА ЕСІНЕН ТАНҒАН ЕР АДАМДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 29.10.2020
Оқылды: 997
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында ауыл әкімі полицейлерге адамды құтқарғаны үшін алғысын білдірді. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының қоғамдық қызметкерлері таулы жерде орналасқан учаскеде санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізген.

- Сағат 11.00 шамасында әкімдікке қызметкерлердің біреуі ауырып, есінен танып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шақырылған Еңбекшіқазақ ауданының учаскелік инспекторлары ер адамның эпилепсия ұстамасы бар екенін анықтап, оған қажетті алғашқы көмек көрсеткен. Осы уақытта әкімдіктің жауапты өкілі автожолға шығып, №48 борттағы полицияның патрульдік экипажын кездестірген. Экипаж болған жағдай туралы біліп, бірден зардап шегушіні жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізуге кіріскен. Сонымен қатар, жол бойында қайта ұстамасы ұстаған науқасқа көмек те көрсеткен, - деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ораз Жолдасов.

Түрген ауылдық округінің әкімі Е.Кәрібаев әкім аппаратының және жеке өзінің атынан Алматы облысы жергілікті полиция қызметі ППБ инспекторлары, полиция капитаны Қ.Теңізбаевқа, полиция аға лейтенанты Б.Тасановқа, аға учаскелік инспектор, полиция майоры А.Жақыпбековке, Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары, полиция капитаны Е.Дәуітбековке, А.Алимге алғысын білдірді.

- Әкімнің Алматы облысы полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры С.Күдебаевтың атына қарамағындағыларды лайықты тәрбиелегені үшін алғыс хат жазғаны біз үшін мақтаныш. Қазір аталған полиция қызметкерлері көтермелеуге ұсынылды, - деп толықтырды полковник Ораз Жолдасов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"