ТЕКЕЛІ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ОТБАСЫЛЫҚ ЖАНЖАЛ ШЫҚҚАН ҮЙДЕН 6,1 КЕЛІ ЕСІРТКІ ТАПТЫ

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 1122
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында отбасылық жанжал шығарушы адамның өз үйінде 6 келіден астам кептірілген марихуана сақтағаны анықталды.

Полиция бұрын қарақшылық, ұрлық және кісі өлтіргені үшін сотты болған адамды аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтағаны үшін ұстады. Текелі қаласының 42 жастағы тұрғынынан тәртіп сақшылары жалпы салмағы 6 келі, 114 грамм «марихуана» есірткісін тапты. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексі 296-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді.

Ағымдағы жылдың 22 қазанында Текелі полициясының кезекші пультіне Текелі қаласы пәтерлерінің бірінде отбасылық жанжал орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Көрсетілген мекенжай бойынша шақыртуға жеткен жедел-тергеу тобы қарақшылық, ұрлық және кісі өлтіргені үшін бес рет сотты болған, жалпы алғанда, 30 жыл бас бостандығынан айыру үкімі бар және 2018 жылғы желтоқсанда босап шыққан 42 жастағы жергілікті тұрғынға материалды ресімдеуге кіріскен. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары күдіктінің жатын бөлмесінен жеті картон қорапты және ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес заты бар бір пластикалық бидонды тауып, тәркіледі.

Тексеруді одан әрі жалғастыру кезінде үйдің ауласынан, қорадан тәртіп сақшылары ақ түсті пластикалық бидонды, табаны металл шыны ыдыс және есірткіге ұқсас зат салынған қорапты тауып, оларды да іске тіркеді.

Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған өсімдік заты кептірілген марихуана екені анықталды. Есірткі заттарының жиынтық кестесіне сәйкес, бұл "аса ірі мөлшер" болып табылады. Текелі тұрғыны қазір қамауға алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"