ОБЛЫСТЫҢ ТЕНТЕК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІН ҚОСЫМША 20 КАМЕРА "БАҚЫЛАЙДЫ"

Уақыты: 09.12.2020
Оқылды: 1399
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында «Автоураган» фото-бейне тіркеудің қосымша 20 жүйесі орнатылды.

Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзуға бейім жүргізушілерді түсіретін қолданыстағы «Автоураган» жүйесінің камераларына тағы да 20 камера қосылды.

- «Автоураган» бағдарламалық-аппараттық кешені – бұл көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу белгілерін автоматты түрде танудың және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеудің стационарлық кешені. Ол көліктердің кез-келген ағынында көлік құралдарының қозғалысын сәйкестендіру, тіркеу және бақылау мәселелерін шешуге арналып отыр. Кешеннің автоматты бейнебақылау жүйесі жол жүру ережелерін бұзу кезінде және іздестіру іс-шараларын тіркеу үшін пайдаланылады, - деп түсіндірді Алматы облысы полиция департаменті ақпараттық жүйелер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Зағира Дәулетова.

Бүгінгі күні Алматы облысы аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін фото-бейне арқылы тіркеу үшін «Автоуроган» жүйесінің 30 кешені жұмыс істейді. Талдау көрсеткендей, бір бекетте тәулігіне 360-тан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркеледі.

- Жыл басынан бері «Автоураган» бағдарламалық-аппараттық кешені арқылы тек облыс орталығы - Талдықорған қаласында 100 млн.833 мың теңгеге 14 730 ұйғарым, ал облыс автожолдары бойынша жалпы сомасы 891 миллионнан астам теңгеге 102 702 ұйғарым жазылған. Барлық ереже бұзу бір деректер базасында жүйеленеді, айыппұлдар полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты түрде жазылады, - деп атап өтті полиция полковнигі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"