Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: ЗАҢҒА ЖАҢАДАН ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 08.08.2022
Оқылды: 3170
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)  жүйесімен қамту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 1 705 051 адам медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелсе, Алматы және Жетісу облыстарында 462 257 адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Жалпы, медсақтандыру туралы заңнамаға өткен шілдеде өзгеріс енгізілді.

Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте Әлеуметтік сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев айтты.

Жарты жылда атқарылған жұмысты баяндаған Нұрлан Таңжарықұлы: «Жарты жылда қордың филиалымен 83 медициналық мекеме шарт жасасты (47– мемлекеттік, 36 – жекеменшік). Бұл тұрғындарға ең жақсы клиниканы таңдауға мүмкіндік береді. Халықты толғандыратын мәселелердің бірі – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Амбулаториялық-емханалық көмек бойынша препараттарды сатып алуға 16,2 млрд.теңге қарастырылған, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 12,8 млрд.теңге және МӘМС шеңберінде – 3,4 млрд.теңге көзделген. Биылғы жылдың алты айында коронавирус ауруынан кейін 1 446 науқас 118,9 млн.теңгеден астам сомаға оңалтудан өтті. Осы оңалту бойынша барлығы 15 медициналық ұйым қызмет көрсетті», – деді.

Тағы бір жаңалық: дербес төлеушілер МӘМС жүйесінде алдын ала 12 айға төлем жасау арқылы сақтандыру мәртебесіне қол жеткізе алады. Шілдеде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына тиісті толықтырулар мен өзгерістер бекітілді. Ол қыркүйек айының басында күшіне енеді.

Қали АСҚАР