"БАҚЫЛАУДА": КОРОНАВИРУСПЕН КҮДІККЕ ІЛІНГЕН ҮШ ТҰРҒЫН ДА СЫРҚАТТАН АМАН

Уақыты: 16.03.2020
Оқылды: 1291
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйінде Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақпен коронавирус инфекциясына байланысты баспасөз мәжілісі өтті.

Алматы облысында үш адам аталмыш кеселге байланысты күдікті деп танылған. Нәтижесінде, арнайы ауруханада бақылауға алынған пациенттерге сынама жасалған. Сырқаттың сынамалары теріс белгі көрсетті. Яғни, тексерілуге жатқызылғандар сырқаттан аман болып шықты. Кеселді анықтауға байланысты алгоритмдік жүйе бойынша бақылау әлі де жүргізіле береді. Сондай-ақ, Италиядан келген бір адам дене қызуының көтерілуіне байланысты медицина мамандарының бақылауына алынған. Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, ол да инфекциядан аман.

Аймақтың бас дәрігеріне соңғы уақытта облысқа шетелден қанша адам келгендігі жайлы сұрақ қойылды. Кеселге тосқауыл қою туралы шара басталғалы Жетісу аймағына 3 мың адам келген. Бауыржан Ербозымұлы олардың барлығы дәрігерлердің қадағалауында екенін айтты.

Келесі сұрақ Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге қойылды. Сауал медициналық бетперденің (масканың) дәріханаларда жоқтығы туралы болды.

Ғалымұрат Жүкелдің айтуы бойынша, Іле ауданындағы бетперде шығаратын "Dolce-Pharm" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнім шығару көлемін арттырады. Сондай-ақ, Талдықорғандағы «Ажар» фабрикасы да аталмыш қорғаныш құралын тігуді қолға алады. Оның сөзінше, бірқатар жеке кәсіпкер отандық өнімді Қытай жеріне жіберіп отырған. Бүгінде ол адамдар анықталып, шара қолданылуда.

Журналистер «Достық», «Қорғас» кедендеріндегі жағдай туралы сұрады.

– Аталмыш екі кеден бекеттерінен жүк көліктері өткізілмейді. Бірақ пойыз қатынасы тоқтамайды. Экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында екі жаққа қажетті өнім тасымалы жүргізіле береді. «Қорғас» бекетінің  Қытай тарабы ашылған. Бірақ Қазақстан жақ жабық күйінде қалды, – деді Ғ.Жүкел.

Спикерлердің айтуынша, тепловоз жүргізушелері әлсін-әлсін тексеріліп тұрады.

Бүгінде облыста коронавирусты тексеру, емдеу, карантинге жатқызу бойынша 1000-ға тарта төсек-орын дайындалған. Екі ай бойы дәрігерлер демалысқа жіберілмейді. Ойын-сауық орындары жабылды. Барлық мекемелерге қол жуу құралдары қойылады.

Бастысы, сақтық шарасын әркім сақтауы тиіс. Мамандар әлсін-әлсін қолды жуып, бөлмені желдетіп, мейлінше көп су ішіп тұру керектігін, көпшілік орынға бармаған дұрыс екендігін айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы