"ТАЛДЫҚОРҒАНҒА САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТТЕР ҚОЙЫЛМАЙДЫ": ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Уақыты: 08.06.2020
Оқылды: 1057
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазір коронавирустың өсу қарқыны Талдықорған қаласында жоғары. Алматы облысының орталығында алғашқы жағдай елімізде төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін тіркелген еді. Яғни, 14 мамыр күні полицейдің індетті жұқтырғаны жайлы хабарланған болатын.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының сөзінше, бүгінгі күні шаһарда індетті жұқтырғандар саны 140 адамнан асып кетті. Осы жайтқа байланысты Талдықорған бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, облыс орталығында карантин режимі жалғасады. Бірақ санитарлық постар қойылмайды, нысандар жабылмайды.

- Ешқандай объектілер жабылмайды. Тек жұмыс істеу уақыттарына өзгеріс енгізілді. Санитарлық постарды да қайта қоймаймыз. Бірақ дезинфекциялау жұмыстары қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын жерлерде, тұрғын үй кіреберістерінде күнде жүргізіледі. Халықтан медициналық бетперде киіп, ара-қашықтықты сақтауды өтініп сұраймыз, - деді Нұр Қанатұлы.

Талдықорғанда жаңадан шыққан қаулыға сәйкес:

- азық-түлік базарлары (жәрмеңке) сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін;

- автокөлік бөлшектерін, құрылыс материалдарын, тұрмыстық химия заттарын, тұрмыстық техниканы сататын азық-түлік емес дүкендер сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін;

- азық-түлік емес, оның ішінде сауда үйлер, базарлардың жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін;

- тұрмыстық және электрондық техниканы жөндеу бойынша қызметтердің жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін;

- құрылыс дүкендері, жазғы коттедж жабдықтарын сататын дүкендер, оптика (дүкендер), фотосалондар, зоодүкендер, тығыз қатынасты болдырмайтын нысандар сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін;

- сұлулық салондары, шаштараздар (алдын ала жазылу бойынша) клиенттердің бетперде киюін талап ете отырып, сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін;

- қоғамдық тамақтану орындары сағат 10:00-23:00 аралығында жұмыс істейді. Келушілердің жалпы саны 50 адамнан аспауы тиіс және оларды отырғызу талаптары қатаң сақталуы керек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан