КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖҰМЫС РЕЖИМІ ҚАЙТАДАН ҚЫСҚАРДЫ

Уақыты: 09.06.2020
Оқылды: 896
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetisu media» ақпараттық алаңында «Алматы облысындағы коронавирус ахуалы және Талдықорған қаласындағы өзгерістер» тақырыбында брифинг өтті.

Шара барысында сөз алған Алматы облысының бас санитариялық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов:

– Өкінішке қарай, облысымызда коронавирус инфекциясына байланысты жағдай тұрақты емес. Бүгінгі күнге дейін індетті жұқтырғандардың саны 450-ге жуықтады. Яғни, ауырғандардың саны 5,5 пайызға дейін өсті, – дей келе, аурудың не үшін көбейіп жатқандығын айтты.

Індетті жұқтырғандардың көбі санитарлық талаптарды орындамағанның кесірінен туындауда. Ауырғандардың басым көпшілігі әскери қызметін өтеуге келген сарбаздар мен жоспарлы ауруханаға баратындар. Сондай-ақ, күннің ысуына байланысты халық жаппай демалыс орындары, бассейндер мен көл жағасына барып, суға түсуде. Осының салдарынан суық тиіп, тәжді вирусты жұқтыруда.

Өз кезегінде сөз алған Талдықорған қалалық бас санитариялық дәрігері Ермек Әсімқұлов: «Тәжді вирус Талдықорған мен Қапшағай қаласында күн санап артып келеді. Осыған байланысты Қапшағай су қоймасы жағалауындағы демалыс аймақтарына баратын автожолдарда және Іле ауданының Жетіген ауылдық округінде мобильдік бекеттер орнатылған. Десе де, Талдықорғанда да, Қапшағайда да блок және санитарлық бекеттер қойылмайды», – деді.

Облыстағы және Талдықорған қаласындағы жаңа Қаулыға сәйкес, саябақтар жабылды және бассейндердің жұмысы тоқтатылды. Бірқатар нысанның жұмыс режимі қайтадан қысқарды. Мәселен, сауда үйлері таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Базар таңғы сағат 10:00-ден түскі 15:00-ге дейін ғана ашық болады. Арнайы құрылған мобильдік топтар облыс бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінге дейін 4136 нысан тексеріліп, 772 заңбұзушылық тіркелген.

Жиын соңында облыстық және қалалық бас санитариялық дәрігерлер жұртшылыққа тәртіпке бағынып, тазалықты бірінші кезекке қоюларын сұрады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан