"ӘЛІ ТҮСІНБЕЙДІ": КОРОНАВИРУСТАН САҚТАНДЫРУ БОЙЫНША РЕЙД ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 11.06.2020
Оқылды: 1100
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінен келген жұмыс тобы Жамбыл ауданында адамдар көп жиналатын сауда және қызмет көрсету орындарын аралап, коронавирустан сақтану шараларының қалай ұйымдастырылғанын тексерді.

Тексеру тобы алдымен «Жетісу» сауда орталығындағы жағдаймен танысып, ондағы сақтық шараларының талапқа сай екендігіне көз жеткізді. Дүкен сыртында бетпердесіз кіруге болмайтыны жазылып, сақтық шаралары туралы ескертілген.

Мұнда қызметкерлер келген тұтынушыға жеке қорғаныс құралдарымен қызмет көрсетуде. Сауда үйінде санитарлық тазартқыштар мен адамдар арасында арақашықтықты сақтайтын белгілер қойылған. Одан кейін барған «Халық Банкі» бөлімшесінде де сол күні адам қарасы қалың болды. Ондағы шоғырланған кезек мекеменің сыртына шығып тұрды. Ол жерде әлеуметтік арақашықтықты сақтауды білдіретін сызбалар белгіленумен қатар кезек күтіп тұрғандарды күннен, жауын-шашыннан қорғайтын шатырлар тігілген. Талап бойынша мұнда ішкебес адамнан артық кіргізілмеуі қатаң бақыланады.

Кіреберісте банк қызметкерлері әр келушінің дене қызуын өлшеп, қанша адам сыртқа шықса, ішке де соншасын жіберіп тұрды. Мұнда қолдарын арнайы қойылған залалсыздандыратын сұйықтықпен тазартып кірулері сұралып, басқа да сақтық шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізді. Алайда банк қызметкерлері бұл шаралардың қаншалықты маңызды екенін көп адам әлі де болса жете түсінбейтінін, тұрғындар арасында әлі де бейқамдық басым екендігін айтты.

Облыстық жұмыс тобымен аудандық мониторингтік топтың мүшелері бірге жүрді. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асхат Шілікбаевтың айтуынша, аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ сақтық шараларының орындалуын тұрақты қадағалауға алған. Құрамында аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік бөлімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мекемесінің басшылары мен полицияқызметкерлері бар мониторингтік топ адамдар көп жиналатын қызмет көрсету орындарына, кәсіпкерлік нысандарына барып, карантиндік тәртіптіп сақталуын үнемі бақылайды. Тәртіптің бұзылғаны анықталған жағдайда қажетті шаралар қолданады. Індеттің таралуын тежеу үшін әрбір азамат карантиндік талаптарды қатаң сақтап, әлеуметтік жауапкершілік таныта білуі тиіс екендігін айтады мониторингтік топтың мүшелері.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Фото - ғаламтордан