«Qareket» командасы Шығысқа барып тағы чемпион атанды

Уақыты: 27.06.2023
Оқылды: 737

Жетісу жеріндегі ақпарат саласы өкілдерінен құралған «Qareket» әуесқой футбол командасы тағы да чемпион атанды. Бүгінге дейін ала доп бәсекесінде намысты қолдан бермейтін әріптестеріміз жасақтаған бұл команда республикалық додалардың көрігін қыздырып, ел деңгейінде өткен 4 турнирде чемпион атанды. 

Қазақ журналистикасына еселі еңбек сіңірген, ұлтының жоғын «Айтуға оңай», «Қарекет» сынды бағдарламалармен толықтырған, сан жүрекке тыныштық сыйлаған, талай отандасымыздың жанар жасын сүрткен Бейсен Құранбек ел жадында қалған тұлға. Осындай бірегей азаматтың құрметіне жасақталып, «Қарекет ет, батырым» деген сөзін ұран еткен «Qareket» жігіттері Өскемен қаласында өткен Марат Қабанбай атындағы республикалық турнирде топ жарды.

Шырайлы Шығыс жерінде алғаш алауын тұтатқан ала доп бәсекесі жоғары деңгейде өтті. Әр аймақтан келген 8 команда өзара сайысқа түсіп, кіл мықтыны анықтады. Бір тәулікке сыйған ғажайып турнир барысында жерлестеріміз «Семей», «Менің өлкем» және «Елім-ай» кәсіби футбол клубының 4 ойыншысын аңдатпай қатарына қосқан «Абай ақпарат» командасымен топтық кезеңде жолықты. Өз тобынан бірінші орынмен шыққан жетісулықтар жартылай финалда «Шығыс» командасымен жолығып, тең есеп нәтижесінде пенальти тебісті. Осылайша ақыры кәсіби футболшылармен ақтық сында қайта жолыққан «Qareket» командасы шабуылшы Санат Мұратовтың соққан голы нәтижесінде чемпиондық тұғырдан көрінді.

Сырбаз жазушы, белгілі журналист Марат Қабанбай атындағы ресубликалық турнирді Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалы ұйымдастырып отыр. Бұл турнир ел көлемінде өтіп жатқан Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Сейітханов, Мақсат Сіләмбек, Зейнолла Сәнік, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейсен Құранбек атындағы турнирлер қатарына еніп отыр. Жарыстың өтуіне тікелей мұрындық болған Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалының директоры Нұртас Солтанұлының айтуында бұл дода дәстүрлі түрде өрнек табатын болады.

Айта кету керек, ел көлемінде өткен жарыстардың көбінде «Qareket» командасы жеңіс туын желбіретіп келеді. Ғасырлық тарихы бар «Jetіsý» газеті, «Жетісу» телеарнасы мен «Жетісу» радиосы, облыстық қоғамдық даму басқармасының жігіттерінен жасақталған команда ең алғаш ұйымдастырылған М. Сіләмбек атындағы турнирде,   Н. Иманғалиұлы,  А. Сейітхан, Б. Құранбек сынды үш жампозды еске алған республикалық  додада, А. Сейітхан кубогында  чемпион атанған болатын. «Алтай» телеарнасының 65 жылдығына арналған додада да жеңімпаз атанған еді. Араға ай салып алғаш рет ұйымдастырылып отырған М. Қабанбай кубогын төбелеріне көтеріп, жарыстың 1 миллион теңге сыйақысын да еншіледі. 

АРДА БИ