АСҚАР МАМИН: ВАКЦИНАЛАУДЫҢ КӨЛЕМІН АРТТЫРҒАН ЖӨН

Уақыты: 18.06.2021
Оқылды: 1388

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Онда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау жайын сөз етті. 

Алдыңғы селекторлық жиында Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы коронавирустың алдын алудың бірден-бір жолы вакциналау екенін айта келіп, екпе салдырудың маңыздылығын халыққа барынша түсіндіруді тапсырған еді. Денсаулық сақтау министрі вакцина салудың нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын жеткізді.
Еліміз COVID-19 таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақта. Бірақ, бірнеше өңірдің әлі де «сары аймақта» қалып отырғаны белгілі. 
Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, халықты вакциналауға ерекше назар аударуды тапсырды. «Маска тағу режимі, әсіресе, ғимарат ішінде сақталады. Мониторингтік топтар жұмысты жандандырсын. Ең алдымен, вакцинамен қамтуды кеңейту керек. Вакциналаудың күнделікті көлемін арттырған жөн», – деді А. Мамин. Премьер-Министр «Ashyq» қосымшасын одан әрі енгізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және халықты вакциналауға ынталандыруды тапсырды. 
Селекторлық жиындағы екінші мәселе экологияны жақсартуға арналды. Бұл орайда бірнеше облыстың әкімдері қоршаған ортаны ластанудан сақтау барысында атқарып жатқан шараларға тоқталды. Облыстарда ластануды жоюға арналған «Жол карталарының» әзірленіп, бекітілгенін жеткізді. 
Жиында «Nur Otan» партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд. түп ағаш отырғызу, еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру, 6 қоқыс өңдеу зауытын салу қолға алынғандығы айтылды. 
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов сала басшыларына көтерілген мәселелер бойынша тапсырма берді. Вакцина салу бойынша мониторингтік топтың жұмысын жақсарту, аудандардағы екпе салу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Гүлжан ТҰРСЫН