ТАЛҒАРДА ЖАС БАЛУАНДАР БЕЛДЕСІП, БАҒАЛЫ СЫЙЛЫҚПЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 04.11.2022
Оқылды: 2474

Сапалы білім, саналы тәрбие беруді өмірлік қағидасына айналдырып, табаны күректей 40 жыл ұстаздық еткен Талғар ауданының Құрметті азаматы, КСРО спорт шебері, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Матан Бекбосынұлының 70 жасқа толуына орай №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті.

Турнирге облыс орталығы Қонаев қаласының жас спортшыларынан бастап, шалғайдағы Райымбек, Кеген, Балқаш, іргелес Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарынан жасақталған 9 команда келіп, 130-ға жуық спортшы бақ сынасты.

Турнирдің салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімі Қайдар Әбдіханов ардагер Матан Бекбосынұлының білім саласына қосқан өлшеусіз еңбегін атай келіп, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде толайым істердің ұйытқысы болып жүргенін айрықша атады. Ойы сергек, қимылы ширақ Матан ағаның небәрі 20 жас шамасында-ақ грек-рим күресінен кеңестік спорт шебері атанып, содан бері спорттың бұл түрінен талай шәкірттерін шыңдап шыққанын аудан жұртшылығы жақсы біледі.

- Спорт – адам денсаулығының кепілі. Ауырмай, ұзақ жасау үшін спортпен айналысудың маңызы зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық спортты жандандыруға айрықша назар аударуда. Шарада облыстың барлық аудандарынан күрескер жастар мен жасөспірімдер келіп, бақтарын сынады. Жас өскіннің спортқа деген қызығушылықтары басым. Бұған қуанып қана қоймай, әркез қолдау білдіруіміз қажет, – деді ардагер спортшы Матан Бекбосынұлы.

Жарыс қорытындысында салмақ дәрежелеріне қарай белдескен турнир жеңімпаздары Ұзынағаштан Әлихан Әбілменшінов, Айбар Қабылқақ, Дулат Тұрсынбек, Бақанастан Елдар Мұқанғали, Талғардан Нұрқанат Қасымбек, Бақтықожа Әкежан, Темірғали Ерасыл, Қонаевтан Ерғали Тұражы, Бақтұр Советхан, Кегеннен Еркебұлан Анапия, Қаскелеңнен Арман Қимади бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы