АУТСАЙДЕРМЕН ҰПАЙ БӨЛІСТІ (+ВИДЕО)

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 735

Футболдан ел біріншілігінің 16-турында «Жетісу» Талдықорғандағы Орталық алаңда павлодардың «Ақсу» командасын қабылдап, 1:1 есебімен ұпай бөлісті.


Ойынның 3-минутында Ілияс Әмірсейітовтің қателігін «Ақсудың» капитаны Хайме-Тони Сильва ұтымды пайдаланып, Пасеченко қорғаған қақпаға гол салды. Ал жетісулықтардың жауабы 11-минутта болды. Гол салған – Анес Рушевич. «Жетісуға»  маусым ортасында қосылған серб шабуылшысы Анес Рушевич 3 ойынында, 2 гол салып отыр.

Бірінші айналымда «Жетісу» сырт алаңда «Ақсудан» 1:2 есебімен жеңілген болатын. Енді тең түсіп отыр. Биылғы маусымда «Ақсу» жетісулықтар үшін алынбас қамал болғандай.  

Бұл ойын жөнінде «Жетісудың» бас бапкері Асқар Қожабергенов «Өте тартысты ойын болды. Өкінішке қарай, бірнеше ойыншымызда жарақат бар. «Каспиймен» ойыннан соң командамыздың негізгі ойыншылары Хассейн мен Брикнер жарақат алды. Кадио мен Әмірсейітов толық жазылмады, сол себепті кадрлық мәселелер туындады. Турнир кестесіне қарасақ, біз екі бірдей ұпай жоғалттық деуге болады. «Ақсудың» соңғы орында тұрғанына қарамастан олар мықты қарсыластармен соңына дейін күресті» деді.

 «Жетісу» келесі ойынын 30 шілдеде сырт алаңда «Атыраумен» ойнайды. Дәл қазіргі сәтте «Жетісу» турнирлік кестеде 20 ұпай жинап, 9-орында тұр.

 Telegram желісіндегі парақшамызға тіркеле кетіңіз!