СЕМЕЙ МЕН ЖИДЕБАЙ ӨЛКЕСІН ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ ШЫҢҒЫСХАН МЕКЕН ЕТКЕН

Уақыты: 26.09.2020
Оқылды: 2637
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы Абайдың 175 жылдығы той тойлауға емес, ой ойлауға негізделіп, ел рухын көтеруге бағытталатынын қадап айтқан еді. Соның жарқын көрінісіне жуырда Семей шаһарына сапарлап қайтқанда мейлінше қанықтық. Сөз сапырып, уақыт ұттыру дегеніңіз санадан сусып қалғандай. Ұлық жылдың аясында Президентіміз пәрменімен биліктегілердің мойыны бері бұрылып тұрған тұста қиюы кеткен көп дүниені қауырт игеріп қалу қамындағы жұмылған жұртшылықты ұшыраттық. Абай хакімнің сүйікті Семейінен сонау қасиетті Жидебай топырағы аралығындағы шашбаулы шараларды көргенде кеудеңізді шаттық билейді. «Аруақты жерден ат үркер» демекші, бұл өңірдің әр бел-белес, тау-тасы кәрі тарих тылсымына тұнып тұр, тиегін басып қалсаң ағытылып кете беретін секілді. Деміңіз ішке тартыла қалың ой құшағына алына түсесіз.

Әйтсе де алдымен Семейдегі әмбебап кітапханадағы зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуге сәл тоқтала кетсек деп едік. Ғалымдар мен жазушылар, өнер, қоғам қайраткерлері кезек-кезегімен келісті әңгімені кестелей берген. Дала данышпанының шыр ете дүние есігін ашқаннан берменгі ғұмырдариясын тербеді-ақ дерсіз! Адамзат аспанына күндей жарқырай көтерілген шырайлы шығармаларының төл табиғаты, қара өлеңге енгізген өзіндік өзгерісі, қоғамдағы белсенді реформаторлық қалпы, философтығы мен төбе билік рөлі, батыс пен шығысты қос қанатына айналдыра білу кеңістігі секілді сала-сала тақырыптардың кірпіш боп үсті-үстіне қалануы неткен ғажап?! Жатқа оқылған телегей өлеңдер мен шырқалған әндер желпінбесіңізге енді қоймайды-ақ!

Жанға жағымды уәлі сөз иелері киелі Шыңғыстау жерін жаһандық өлшемдегі екінші мыңжылдық адамы Шыңғыс қаған есімімен етене байланыстыратындықтарын әрі мақтан тұтатындықтарын да жасырып қала алмады. Тарихты көптен бері зерделеп жүргендіктен әңгіменің бұл тұсы бізді де елең еткізген. Өйткені әулие Абайдың өзі елдің өткенінен сыр тарқата отырып: «...Маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят» (Абай. Екі томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 165-б. «Жазушы» б-сы. 1986 ж.), - деп бедерлеп берген-ді. Басқа-басқа, ғасырдан асып жығылса да Абайға әлі жүгіне алмай жүргендігіміз жанға батады-ақ! Шәкәрім Құдайбердиев те «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты мақаласында Шыңғысханды түркілік тамырдан тарта моғол деп баяндайды.

Осы Шыңғыстауда Майқы би бастаған қазақтың он екі биі Темірді ақ киізге отырғызып, хан көтерген! Сондағы отызға жуық ру-тайпалардың бәрі дерлік күні бүгінге дейін еліміздің құрамында. Шыңғыстау өңіріндегі Үлкен Орда, Кіші Ордасы, Хан биігі, бәрі-бәрі жұртшылық жадында сайрап тұр. Әрі бұлар түгелімен «Абай жолы» эпопеясында көрініс тапқан. Абайдың күмбір сандық зердесі арқылы жазушы мағыналы да терең жеткізген еді.

Мұхтар Әуезовтің «Шыңғыстау» деп аталар жер тарихынан арна тартар әңгімесі бар. Сонда әкесі Базар: «Тау аты – Шыңғыс... Бұны атам заманнан атақты Шыңғыс хан мекен еткен... Биігінің аты – Хан. Ол, тіпті, өз қыстауының желкесінде тұр. Сонау көк тау – Орда... Шыңғыстың ордасын тіккен жері... Мінеки, аудан тұрған тау аты — Қарауыл. Қолбасы батырлары, нояндарының жортуылға шығатын биігі...», - дейді баласы инженер Медетке. Содан жазушы өскен мекенін жанындай жақсы көрер саналы Медеттің арманын былайша суреттейді: «Бұл тұста Медеттің осы тауларды көптен кезіп жүрген мақсұты мен әке пікірі бір сағаға құйғандай болды. Бәсе, бәрінен де сол арман. Жері мен ауданын Отан білер, барлық совет халқы сүйер өлке болса екен», - дейді.

Пәле десеңізші, заңғар жазушы көкірек көзімен келешек еншісін қалайша дөп баса білген! Сол Шыңғыстау жерін Абай ауданының дара перзенті Абай арқылы қазіргі таңда әлемнің басым бөлігі біліп отыр!

Тағы бір шыңғыстаулық тарланымыз, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің «Шыңғыс хан – бүкіл әлемге танылған тұлға» атты мақаласында: "Ұлы тұлға, ұлы қолбасы. Ұлы мемлекет, ұлы империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, Атилламен де салыстыруға болмайды. Ол бәрінен жоғары. Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан. Аңыз бойынша, Тәңірінің нұрынан жаралған", - деп жазады.

Ал Мағжан «Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды» деген. Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Абайлар «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өзі қосылды» деп айтқан. Орыс-совет идеологиясы келіп жеткенге дейін бүкіл қазақ Шыңғыс ханды құрметтеген, қадір тұтқан. Ал одан кейін ұлттық санамыздан айырылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, орыс болғанда үлкен ғылымның идеологиясымен ғана емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиямен әбден миымыз уланған.

Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс ханның нақты тарихы, Шыңғыс ханның нақты мұрагері, ең негізгі мұрагері – қазақ халқы. Өйткені Шыңғыс хан ту көтерген кезде кейін монғол деп аталған татар даласындағы 25 ру – тікелей біздің бабаларымыз соның астында болған. Сосын барлық дәстүр-салты да монғол емес, түріктік» деп тереңнен тербейді.

Осы орайдағы және бір дерек. «Дала уәлаяты» газетінің 1889 жылғы 7-санында Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда» деген өлеңі Көкбайдың атынан «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылыпты. Демек, бұл өңір кеңестік кезеңге дейін Шыңғыс есімімен аталған. Кейін басқыншылық идеология өз дегенін жасап тынған. Мойнымызды ішке алып, Абай қағидатына иланбай келуіміздің басты себебі де осында.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында парсы тілінен тікелей аудару арқылы Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған Рашид ад-Диннің «Жамиғат-тауарих» бес томдық еңбегі Ұлы Даланың, түркі жұртының мақтанышы – Шыңғыс қағанның ата-бабалары мен өзінің өмір жолына, ұрпақтарының өнегелі істерінің шежіресіне тұнып тұр. Құнды кітапта: «Мұғыл – түркілердің бір санаты болып табылады (163 б. 1-т.), «Асылында, «Мұғыл» сөзі алғашында «Мұң ұл» деп аталған, яғни «мұңлы бейшара» әрі «ақкөңіл, ақжарқын, кішіпейіл» деген мағынаны аңғартады», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған. (143 б.2-т. Зәріпбай Оразбайдың аудармасы).

Шындығына көшсек, елдік тарихымыздағы ең басты ақтаңдақ – барша түрік әлемінің мақтанышы, екінші мыңжылдықтың адамы Шыңғыс қағанның (Темірдің) ұлық бейнесіне қатысты. Жат пиғылдылар қолымен қасқыр тартқандай бұрмаланған тарихымыздың тауқыметін Ұлы қағанымыз да, біз де тартудай тартып келеміз.

Қойшығара Салғара ағамыздың дәйегіне де ден қоймадық: «Егер көшпелілер тарихын көшкен елдің көшінің ізімен жүріп, қай халықтың қашан, қайда барғанын, онда кімге қосылып, кімнен бөлінгенін және бөлінгенде немесе біріккенде қандай халықтық атауларға ие болғанын саралай көрсетіп жазған болса, әрине, көпшілік жұрт байырғы моғолдар мен кейінгі Шыңғысхан көтерген Моғол империясы моғолдарының кімдер екенін бірден түсінген болар еді». («Түрік әлемі», Астана, «Елорда», 222-223 бб. 2000).

Тарихшы ағамыз соқырға таяқ ұстатқандай-ақ жайып сап тұр. Кезінде: «Новая держава Чингисхана выступила, таким образом, «наследницей» тюркского каганата и Могольского улуса» (Лев Гумилев, «От Руси к России», 382 б.) деп шырылдаған түркітанушыға да сенбегенбіз. Демек, Ұлы қаған өзінің күндіз күлкі, түнде ұйқыдан баз кеше жүріп құрған «Еке Моғол Ұлысының» атына баяғы түркілік Моғол ұлысының есімін алған ғой!

Кешегі кеңестік тарихтануда біздің Моғол, Оғыз, Қият, Нүғұз, Түрік деген қанымызға да, мынау Ұлы даламызға да сіңімді ат-атауларымызды бір ғана «Қыпшақ» атауымен алмастырды. Неге десеңіз, сыртқы күйреткі, өртегіш идеологияның дем берушілеріне әлемді дүр сілкіндірген, барша адамзатты мойындатқан Шыңғысханның аты да, елі де, бұған дейінгі есім-атаулары да түрпідей көрінді, естіген сәттерінде-ақ аждаһа жыландай жиырылды.

Несін айтасыз, кәрі тарихтың бір қайырмасында, сындарлы тұста яки орта ғасырда моғол-татар деген елесіміміз қайта жаңғырды! (Бичурин атамыз б.э.д. екі мыңыншы жылдықтың соңындағы моғолдардың алғашқы мемлекеті туралы егжей-тегжейлі жазған.) Бұған дем берген жер-жаһанға мәшһүр «Еке Моғолдар» ұлысын құрып, ертедегі бабаларының сайыпқырандық жолымен айды аспанға бір-ақ шығарған Ұлы перзент, даңқты Моғол – Шыңғыс қаған еді! Құбылай ұлы империяның астанасын Бейжіңге көшіріп, қытайлану үрдісі бел ала бастаған тұста, яғни, 1348 жылы Шағатай ұлысында «Моғолстан» мемлекеті дүниеге келіп еді ғой. Оның негізгі ұйытқысына айналған – дулаттар.

Аталмыш тайпаның көсемі Поладшы бек төре Тұғылық Темірді хан көтертті. Дулатстан деген жоқ. Бұл моғолдардың тарихтағы үшінші мемлекеті болатын. Содан кейін Шыңғысханмен аталас Ақсақ Темірдің ұрпақтары, яғни, барластар 1526 жылы Үндістанда ұлы Моғолдар империясын құрды! Барласстан деп атамады! Мұны моғол елесімінің тарихта төртінші мәрте жаңғыруы дейміз. Бұл ең алдымен біздің бабаларымыздың жадының беріктігі, әу бастағы түп қазыққа деген адалдығы мен ерен сенімі!

Жоғарыда аталған парсылық ұлы тарихшы: «Қазіргі кезде (іштей көп тармаққа бөлініп) «Мұғул» деген әйгілі атпен белгілі қауымдар, мысалы жалайыр, татар, ойрат, меркіт пен басқа мұғулдарға ұқсаған, (тек) әрқайсысы өзінің мемлекетін иеленген кейбір халықтар: керейт, найман және оңғыт сияқты тайпалар, соларға ұқсас (басқа да тайпалар): байырғы замандардан қазіргі уақытқа дейін қоңырат, қоралас, икирас, елжиған, ұраңқай, келінғұт деген атпен белгілі және (осыларға ұқсас) басқа да тайпалар мұғул-дүрліккен деп аталады. (Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-тауарих», 172-173 бб. 1-т. Зәріпбай Оразбайдың аудармасы, 2016. "Мәңгілік ел" сериясы).

Көріп отырсыз, бүгінгі қазақты құрып отырған негізгі тайпаларымыздың бәрі де ертеде моғол атаныпты. Сонда біз неліктен аталмыш елесімнен, асыл арнамыздан қашуға тиіспіз? Бүгінгі Моңғолиядағы моңғолдарға келетін болсақ, олар негізінен алғанда, кезінде Қытайдан бері жөңкілген маньчжурлар. Шыңғысхан ұрпақтары Орта Азия мен Қытай жеріне ауысқанда ежелгі мекенде қалған ойраттардың қалауымен маньчжурлар көптеп қоныстанған.

«Біздің моңғолдар бір кезде орыстармен бірігіп алып, Шыңғысханның тұқымын тұздай құртты. Бүгін олар «алтын ұрықтан» ешкім қалмады дегенге бейіл. Ел басшылары да бүгінде Шыңғысханның тұқымы қалмады деп аузын қу шөппен сүрткенді жөн көреді. Ал Қазақстанда халықтың жағдайы ауыр кездің өзінде мемлекет тарапынан Жошы хан мазарын жөндеуге қаражат бөлініп отырды. Осы жағынан алғанда мен Қазақстанды бірінші орынға қойып, өз ұлтымды екінші орынға қоямын. Біздің елде төрелерді «алтын ұрық» деп атайды. 1929 жылы Моңғолияда коммунистер «алтын ұрық» әулетінен 13 мың 475 адамды қырып тастап, дүние-мүкамалын талан-таражға салды. Үкімет күні бүгінге дейін оларды ақтаған жоқ», – деп ағынан жарылады Әлемдік Шыңғысхан академиясының президенті Пурев-Ойдовын Давааням. («Айқын» газеті, 07.08.2008 жыл).

Мемлекеттің негізі – ұлттық сана. Ұлы Абай да мұны темірқазық тұтып, сол ұлттық сананың бастауы тарихи сананы көтеруге, елдің қатпарлы кешегісіне ден қойған. Тағылым түзген. Біз болсақ, әлі төменшікпіз. Мұның рухтық құдіретті күшін жан дүниемізбен түйсіне алуға дәрменсізбіз. Қоғам дамуы бұған зәру. Ұлттық болмысымызға қиғаш пендәуи кеселдер көбеюінің түп-тамыры да тап осы арада жатыр. Осыны ұғынсақ ұтқанымыз, ұғына алмасақ, ойсырай ұтылғанымыз. Яки, әулие Абай айтқандай:

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым,

Тап шыным, – деп күйінумен күн кешкеніміз. Ащы ма, ащы. Удай! Бауырың езіліп кетердей! Иә, шариғат жолынан білеміз, ол тұста бақилық болған бақсыларды өзге мұсылмандармен бір қорымға жерлемейтін. Құла дүзге жеке-дара ербите белгі қоя салатын. Мыңмен жалғыз алысқан ұлық ақынға мұны айттырып тұрған, әрине, адами құндылығы арзыған зар заманы һәм көкірек көзі бітеу адамы еді! Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы!

Әміре ӘРІН,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты,

"Жетісу" газетінің бас редакторы